Номинация "Добрые дела отныне верх одержат над бедой…" (Шакарим)
«Адамның атағы емес, ісі маңызды» Плиний
Құрметті оқырман, облысымызда 40 жыл бойы хирургия саласында аянбай еңбек еткен дәрігер Ахметжанов Дәулет Ахметжанұлы жайында жазылған бұл мақалада жан жұбайы, әріптес жолдастарын, ем алған науқастарының естеліктері мен бір сәттік ой-толғаныс, лирикалық шегіністер де кездеседі. Мақала әкеміздің 60-жас мерейтойына арнайы жазылған.
Өмірдерек Әкеміз Ахметжанов Дәулет Ахметжанұлы 1949 жылы қыркүйектің 23-і жұлдызында қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қарақұм ауылының К.Маркс атындағы орта мектебін үздік аяқтап шығады. Осы жылы Алматы қаласының қазіргі С.Асфендияров атындағы медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1973 жылы сәтті бітіреді. 1973 жылдың 30 шілдесінде алғашқы еңбек жолын Алакөл ауданының орталық ауруханасының хирургия бөлімінде дәрігер-маман ретінде бастайды. Әкеміз облыстың көптеген аудандарында еңбектенген. Солардың ішінде Бөрлітөбе ауданында бас дәрігер орынбасары, Қапал ауданында бас дәрігер ретінде, Алакөл аудандық тубдиспансердің бас дәрігері болып қызмет атқарады. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін Алакөл аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Елес құшағы Қыстың аязды таңдарының бірі баяу ғана атып келе жатты. Терезе жанында көгілдір аспанға мұңлы жанарын тігіп анам тұр. Тағы да бір ұйқысыз түніміз өтті. Төсекке таңылып, қимылдауға шамасы жетпей әкем жатыр. Жанары аязды таңның әсемдігіне қадалып қапты. «Қарашығында бір ұшқын елес, сағымдар толқыны көшіп жатыр-ау» деген оймен, орнымнан қозғалмастан әке-шешеме кезек-кезек көз саламын. Адам ойы сан тарапқа тарамдалған жолдар секілді. Өткен өмір, көрген қиыншылықтар, қуанышты сәттерің, ең алғашқы жеңістерің, өкінгенде өзекті ашытқан уайымдарың – бәрі-бәрі сенің тағдырыңды тізбектеп, керуен тартады. Жарқ етіп жадыңа жарығын шаша, жаныңа тәтті қиялдар қайтаратын өміріңнің ұмытылмас сәттерін еске алумен ғана өмір сүретін болсақ қой?! Толқынды тағдыр алдыңа бірде қуанышын, бірде қайғысын ұсынып, жаныңның жағалауын бірде бақытқа, бірде өкініш-уайымға көмкеріп тастап отырады. Сағымданған сонау күндердің елесі алдымда әл-дәрмені кеміп, ауыр науқастанып жатқан осы бір аяулы жанның серігіне айналған.
Жанталас Күз. Таң алды. Операция бөлмесінен түскен әлсіз жарық сәулесіне көз тігіп ана отыр. Бар болмысы, бар ниет-армандары сол бөлмеде. Қос алақанын көзінен тамған ыстық тамшылар көмкеріп кеткен. Операцияға қатысушылар қызу жұмыс үстінде. «Пульс!», «Давление!», «Скальпель!», «Пинцет!» деген оқыс-оқыс естілетін сабырлы үн төзім тамызығы таусылып бара жатқан тәуекелшіл тілекшінің өне бойына сенім ұялатқанымен, кеудесін кернеген күйінішіне булығып, өмір мен өлім арасында жатқан «қарашығын» қарауылдап сыртта отырғанына осымен үш сағаттан астам уақыт өтті. Бірде көз алдына науқасынан жаны қиналған баласы түссе, енді бірде құдайдан жалбарынып, бар тілектерін жаудыртқан ақ халатты арашашы елестейді. Бар арман-тілек – осыларда. Операция үстелі үстінде жас шамасы жиырмалардағы жас бозбала жатыр. Ойнақтаған құлыншақтай ерке ұлының бейнесі, өмірдегі жалғыз сүйеніші, жарығы Арманның науқасқа шалдыққаны жанына қатты батты. Міне, бір сәт... Алдынан мұнтаздай марліден тігілген маскасын сәл төмен түсіріп, ақшыл сары, ұзын бойлы дәрігер шыға келді. Сәл ғана жымиған күлкісінен сәтті өткен жұмыс нәтижесін жеңіл аңғарған ана жүрегінен ауыр жүк түскендей болды. «Айналайын, қарағым, айтшы қалай өтті?» - деуге ғана шамасы жетіп еді. «Қорықпаңыз апай, бәрі ойдағыдай өтті. Балаңыз аман қалды, енді сауығып кетеді» - деді дәрігер. Иә, рас. Шынымен де, айналасы алты-жеті күнде аяғына тұрып, еркін қимылдаған Арман енді өз ағасымен «қол алысып», сәлем беруге де шамасы жетті. Бұл – ауданның хирургия бөлімінің меңгерушісі Дәулет Ахметжанұлының тағы да бір сәтті жасап шыққан операциясының бірінен (асқазан резекциясынан) аман алып қалған жас досы.
*** Осылай қаншама тағдыр, қаншама өмірлер көз алдынан өтуде?! Жас өрімдер, қыршыннан қиылуға шақ қалған тағдырлардың әлсін-әлсін бейнесі толассыз толқындауда. Өзі екі дүние арасында арпалыс үстінде жатқанымен, есіне еріксіз қолтаңбасын қалдырған қасиетті «еңбек майданы» орала береді. Әсіресе, қызметтес медбикелер, қатарлас дәрігерлермен қызу жұмыс істеген кездері санасында сақталып қалған.
Еске алғанда ер-азамат еңбегін Әкеммен бірге оқыған, қатар-құрбы замандастары, әріптес жолдастарымен кездесіп, еңбек майданын бірге кешкен, өліммен арпалысып, қызығы мен шыжығын, суығы мен ыстығына бірге күйген достарының бір топ естеліктерін де беруді жөн көрдік. Алакөл аудандық ауруханасының анестезиология-реанимация бөлімінің меңгерушісі болған, қазіргі уақытта құрметті зейнетке шыққан Сапаров Көбеген Мәжікұлының толғана еске алуы: «Дәулет Ахметжанович, біз үшін өте құрметті азамат. Ауданның барлық халқына аянбай еңбектеніп, ардақты азамат атанған бұл кісі жайында тек жақсы ғана пікір айта аламын. Себебі, қатар жүріп, қызметтің қиыншылығын бірге көтерген әріптестердің ішіндегі, өз ісіне шын берілген нағыз маман болатын. Ол кісімен әрқилы техникалық күрделі операцияларға бару ғанибет еді. Мен ол кісіні есімнен еш уақытта шығармаймын. Алла тағаланың бұйрығына қарсы тұра алмайсың, дегенмен де зор еңбегінің жемісі – құрметті зейнетке шығуы керек еді».
Алматы облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас хирургы Ботайбеков Өмірзақ Ботайбекұлының әкемнің хирургия саласындағы еңбектерін еректеуі: «Дәулет Ахметжанұлы – бір дәуірде өмір жолын, еңбек жолын бірге бастаған азаматтардың бірі. Мен үшін оның орны ерекше, себебі маман ретінде мәртебесі биік еді. Өз заманынан озық шыққан хирург деп білем: оның жасаған операциялары облыс көлемінде жасалуы тиіс күрделі операцияларды аудан деңгейінде абыроймен жасады. Бұл кісінің біліктілігінің айғақты дәлелі - жасалған операцияларының күрделілігі. Атап айтсақ, нейрохирургиялық операциялар – соққы салдарынан болған жағдайларда ми қабынуына қарсы трепанация, пульмонологиялық операция – әр түрлі себептен болған өкпе қанталуын тоқтату, травматологиялық операциялар - әр түрлі сүйек сынықтарын қосу, бұғана қабырғасының остеосинтезі, ампутациялар мен буын қабынуына қарсы жасалатын операциялар, гинекологиялық операциялар – кесарево-сечение, жатыр ампутациясын да жасаған. Хирургиялық операциялардың ішіндегі күрделілері – асқазан резекциясы, холецистоэктомияны аса шеберлікпен жасайтын. 34 жыл хирургия саласында тер төгіп еңбектенген бұл жоғары білікті маман осы уақыт аралығында 4000 мыңнан астам операция жасады ».
Талдықорған қалалық ауруханасының бас дәрігері Жансенгиров Тілеуберді Максимовичтың сұхбаты: «Әкеңізбен бірге операция столында кездеспесек те, ол кісі туралыкөптеген құнды пікірлерге қанық болдым. Өз есімде қалғаны, темірдей тәртіп ұстанатын басшы, ақылына көркі сай азамат болатын. Жас маман ретінде өз-өзін танытып, облысымыздың дәрігерлер қауымына танымал хирург болғаны мені де қуантатын. Дәулеттің аудандық дәрежеде жүріп облыс хирургтері бара бермейтін күрделі операцияларды жасайтынын естіп те жүрдім. Қайран қаларлығы – қажыр-қайратты қажет ететін әрбір күрделі іске аса қатты ынта қойып, бастан-аяқ қадағалаусыз қалдырмауға тырысатын парасатты әрі әділ жан болатын.Сонымен қатар, Дәулеттің басшы ретінде басқару, ұйымдастыру, адамдармен тіл табысу қабілетінің өте жоғары деңгейін атауға да болады».
Алматы облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Бектұрсынов Сәкен Мырзаханұлының достық лебізі: «Марқұм Дәулет замандас, әріптесім болды. Еңбек жолымызды Алакөл ауданының ауруханасына бірге барып, үлкен өмірге қадамымызды қатар бастадық. Өз ісінің нағыз майталманына айналған жолдасымның жасаған операцияларының ішінде адам өміріне қауіп төндіретін асқазан, бауыр резекцияларын жасап, өлім аузынан арашалап алған кездері аз емес еді. Ауыр еңбек, тынымсыз тірліктің тәлкегіне бой бермегенімен, кейінгі уақытта денсаулығы сыр бере бастады. Дәулет ауыр науқасқа шалдығып, облыстық онкологиялық диспансерде емделді. Сол уақытта науқастанып жатса да Дәулет, жанға батар ауруын сыртқа білдірмей аса шыдамдылық танытты. Жағдайын сұрап барғанда, ауыр халін біле тұра, «Сәке, менде барлығы жақсы. Оңалып келе жатырмыз, құдайға шүкір» деп жанын жегідей жеген науқасын білдіртпеуге тырысатын. Нағыз азаматтық төзім, қажырлы қайрат дегенді осы кісіден көрдім. Рухы мықты жандардың бірі еді. Алла тағала иман байлығын берсін». «Жүрек – жалын, ойың – от, қолың – алмас, Көз көрмеген қиын іс адам бармас. Көрінбейтін майданда арашасың, Ажал аңдып, картасын жайып салмас.
Бел буып, білімменен құрсанасың, Қысылғаннан майдай да бусанасың. Ажал атын ауыздықтап, мінерсің тек, Ақыл - ойдай алтын кен болса басың» - деп толғана жырлаған әкеміздің ұстанымы – «тек өз біліміне сүйене отырып адал қызмет атқару» болатын.
Ақ халатты абзал жан Өмір мен өлім арасын «жүзі өткір скальпелінің» қырында ұстап, талай тағдырларға «жарық дүниеде өмір сүру» қызығын сыйлаған әкеміз жайында айтылған ем алған науқастарының пікірін саралап, ұсынып отырмыз. Қыдырбаева Сағила: «Дәулет Ахметжанұлының алдына гипертония ауруына шалдығып, гемипорез диагнозымен келген едім. Халімнің қаншалықты қиын екенін іші сезе тұра, тәжірибелі маман өмірім үшін күресуден тайсалмады. Өмірге қайта келуге мүмкіндік берген құтқарушым десем артық айтпаймын. Алғысым шексіз. Амал қанша арамыздан ерте кетті. Әлі де талай шарапатын төгіп, талай жанды құтқаруға жәрдемдесер еді. Қолымызда бар асылымызды ардақтау қажет. Жаны жәннатта жай тапсын, жайсаң ағамыздың.»
Алмагүл: «Дәулет ағамды көзі тірісінде «кіндік әке» атайтынмын. Соққы салдарынан болған ми қабынуы дертінен айықтырған, «екінші демімді» ашқан мен үшін қасиетті кісі еді. Адам баласының жақсылығы еш уақытта ұмытылмайды, еш уақытта жоғалмайды. Мен сияқты өмірін өлімнен арашалаған жандар барда, ағамыздың ісі, жасаған жақсылығы ұмытылмақ емес. Өкіндіретін бір жай, қасымызда қабақ шытпай, қолдап-қорғап жүрген ағамыздың көзі тірісінде-ақ сый-құрмет көрсету керек еді. Барымызды бағалай білейік, ағайын!»
Әкеміз қоғамда танымал азамат болумен қатар, өз жанұясында да жанашыр жан болды. Аяулы әке, адал жар, ардақты аға Жан жары Ахметбекқызы Күнжамилямен бірге 40 жыл бойы отау құрып, 4 бала, 7 немере тәрбиелеп өсірді. Өмірлік серігі, анамыз Ахметбекқызы Күнжамиляның сағына еске алуы: «Кішкентай Дәулет анасы Мырзахан Қонақбайқызының тәрбиесінде болады. Кішкентайынан ананың аялы алақанын, қамқорлығын көріп өседі, сондықтан болар мінезі биязы (қыз мінезді) жігіт болып өседі. Қасиетті ана Мырзахан бүкіл өмірін, күш жігерін ұлына арнайды, «балам ел қадірлейтін азамат болса, халқына қызмет жасаса» деген арманын іске асырады. О, қасиетіңнен айналайын Ана, барлық аналар сіз сияқты болса ғой, шіркін! Мырзахан ана тек ұлын ғана емес, егіздетіп келінін де тәрбиелей білген ана. Келінін қызындай көріп, бүкіл бала, үй шаруасын мойнына алып, ұл мен келінге бірге қол ұстатып, халқына қызмет жасатқан батыр ана десек те артық болмас еді. «Қуаныштан өзгергендей жанарың, Сіз тұрғанда мен бақытты баламын. Ана десе иіледі басымыз, Құдыретті гүлі ме едің даланың» - деп анаға деген махаббатын мейірлене жырлайтын.
Құлағыма құйған құнды ойлар «Тәрбие тал бесіктен» демекші, отбасымыздың береке-бірлігі – анамыз болса, болашағымыздың бастауларында жөн сілтеуші – асқар таудай ақылшымыз әкем болды. Білімге деген құштарлығымызды құптап, қолдап отыратын. Көңіліме түйіп, жадыма жатталып қалған осы бір нақылдарын да есімнен ешқашан шығармаймын: «Ешқашан істеген ісіңді бұлдама, әрбір істі жауапкершілікпен атқар»; «Сөзің аз, ісің нақты болсын»; «Бұл өмірде ұсақ-түйек жоқ, әр нәрсенің де қажеті болады»; «Білмейтініңді үйрен, білетініңді шыңдай түс»; «Жақыныңа – жанашыр, досыңа – адал, жауыңа - әділ бол» дейтін асыл әкеміз.
Бір сәт есімнен шықпаған осы сөздерді қайталап отырмын. «Жанашыр бол, балам» - деген сабырлы үннен селк еттім. Әкем әлі де жүдеу жанарын баяу атып келе жатқан таңның әлсіз шапағына бұрып, ұйқысыз өткен бұл түннің, мазасын кетірген сан алуан ойлардың құшағынан босағысы келгендей, әлсіз қолын көтеріп, белгі берді. Жанына барып жағдайын сұрадым. Көзінен ыршып шыққан жасын іркіп, маңдайымнан сипады».
P.S Алғаш рет көңілімді мазалаған мың сауалдың жауабын табу үшін қолыма қалам алып әкем жайында сыр шертуге отырдым. Заманында халқынан барын аямаған азаматтың қиын да құрметті қызметін, қоғамда алған қомақты орны мен ел тарихына қалдырып кеткен өлмес еңбектерін еске алып, адам еңбегін бағалау қажеттігін тағы да қайтара халқымның есіне салғым келді. Арамызда дәл осындай «Дәулеттер» аз емес. Алайда, солардың жасаған жақсылықтарын дер кезінде әділ бағалай аламыз ба?! Барымызды бағалап, мәртебемізді марқайтудан тайсалмайық! «Әкеден жақсы ұл туса игі, Әкенің жолын қуса игі» демекші әке жолын жалғастырған баласы – ағамыз Ахметжанов Айдар бүгінгі күні өз ісінің маманы, дәрігер-терапевт. Әкеміздің өлмес ісін жалғастыру да уақыт құзырындағы қасиетті парызымыз деп ойлаймын. Арамызда аман жүргенде, биылғы жылы қыркүйектің 23-інде әкеміз 60 жас мерейтойын атап өтер еді. Аяулы әкемнің аруағына құран бағыштаудан басқа қолдан келер шара жоқ. Жүрегімде мәңгіге жарқын бейнесі жатталып қалған жан әкеме сағыныш жырымды ұсынамын:
Арнадым сағынғанда назды өлеңді Сағындым әкетайым иісіңді, Қарайлап нұр бейнеңе сүйсіндім. Арман боп, ақ жаңбырдай жауып тұрар, Көңілде өшпей тұрар өр мүсінің.
Еске алсам сөздеріңді сабыр тұнған, Қармыған қайрат күшім айбат тыңнан. Бас ием ақылыңа, дарыныңа, Сомдаған ер бейнеңді тобыр мыңнан.
Әкетай, сенің жалғап іздеріңді, Пір тұтып бізге айтқан сөздеріңді. Артыңда ұрпағың бар ұрған құлаш, Жарқырап жанып тұрар көздеріңдей.
Артыңда өлмес ісің бар әкешім, Өлтірмес есіміңді енді ешкім. Дәулеті, бағы тасқан әулет болып, Мәңгілік ұрпақтарың өмір кешсін.
Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА
Материал опубликован в областной медицинской газете «Жәрдем»
|