Волентер қазақтан тұңғыш шыққан БҰҰ еріктісі туралы дерек
Бүгінде БҰҰ еріктілері әлемнің
140-қа жуық елдерінде жұмыс істейді. Оларда 157-ге жуық ұлт өкілдері бар.
Әлемде еріктілердің 60-70 пайызы дамушы елдердің азаматы болса, 33 пайызы
дамыған елдердің перзенттері. Қазақстанда 60-тан астам БҰҰ халықаралық
еріктілері мен 16 ұлттық ерікті жұмыс істеуде.
Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан алғаш рет БҰҰ еріктісі
ретінде шетелге шығып жұмыс істеген Телжан Жүнісбековті әңгімеге тартқанда, ол
кісі өмірінің мазмұнды да қызықты тұстары туралы былай деген еді.
– Өз басым 1986 жылға дейін
еріктілер жайында еш нәрсе білген жоқпын. Сол кезге дейін олардың кім екендігі,
не істейтіндігі мен үшін белгісіз болды. Кеңес өкіметінің тұсында Африканың Бурунди
мемлекетіне КСРО-ның жергілікті халықты емдеу, көмек көрсету үшін, құрамында
травматолог, хирург, акушер, офтальмолог, лор дәрігері бар 17 адам келдік.
Олардың ішінде мен алғаш сынықшы болып, Бурундида 5 жыл қызмет атқардым. 1991
жылдың соңында БҰҰ еріктілері жайлы хабарды әріптестерім арқылы естіп,
солармен бірге керекті анкеталарды толтырып Женеваға хат жолдадым. Бір айдан
кейін құжаттарды Мәскеуге жіберіп, сол арқылы шетелге өтуіңізге болады деген
хабар келді. Көп өтпей-ақ одақ ыдырады. Біршама уақыт өткесін әріптестерім:
"Сіз ерікті болыңыз”, деп ұсыныс жасаған соң 1994 жылы құжаттарымды қайтадан
жаңартып Женеваға жібердім. Хабар көп кешікпей жетті.
1995 жылғы мамыр айында Еріктілер
қатарына қосылып, Бурундидің астанасында денсаулық саласын ұйымдастыру ісімен
айналыстым. Алдымызда сол елдегі соғыстың салдарынан болған жарақаттарды
қалай емдеу керек, денсаулық сақтау ісін қалай ұйымдастыру қажет деген мәселе
тұрды. БҰҰ арқылы келген оншақты адам жұмысты бастадық. Енді одақтың емес
Қазақстанның атынан өзімді таныстырып жүрдім. Біздің елден шыққан БҰҰ-ның
алғашқы халықаралық еріктісі екенімді кейін Алматыдағы волентариатта естідім.
Бірінші болу міндет емес. Мен мұны о баста білмедім десе де болады. Ерікті
болу күндіз-түні жұмыс істеу деп түсінетіндер бар. Бұл қате ұғым. Кімдер ерікті
бола алады? Әрбір азамат, маман иесі волонтир ретінде БҰҰ-да жұмыс жасауына
құқылы. Өйткені, ол өзінің жинақтаған тәлім-тәжірибесін жергілікті халыққа
көмек ретінде көрсете алады. Мысалы, біз жергілікті халықты дәрігерлікке,
медицина ісін ұйымдастыруға үйретіп, баулыдық. Кейде науқасқа операция
жасау қажет пе деген мәселе туады, сондай кезде кеңес бердік. Жергілікті
дәрігерлерге білім бердік, талай мамандарды баули отырып, тәжірибемізді
көрсетіп, таныттық. Соның арқасында сен кімсің, қайдан келдің, қайдан шықтың,
қай ұлт өкілісің деген мәселе тұрады. Осы жерде қазақты таныта білу – менің
азаматтық борышым да әрі басты мақсатым болды.
– Бурундида еріктілер қатарында
үш жыл қызмет атқардым, деп сөзін одан әрі жалғады Телжан. – Мақсат орындалып,
бағдарлама толық жүзеге асқандай болды. Еріктілер еліне қайта бастады. Соның
арасында Руанда, яғни Бурундиға көрші жатқан егіз мемлекетте менің жұмыс
жасауыма БҰҰ ұсыныс жасады. Келісім бердім де Руандаға келдім. Мұндағы басты
мақсат – соғыстан кейінгі елде медицина ісін, оның ішінде хирургия саласын
дамыту болды. Оларда кәсіби мамандар, әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспеді
әрі жоқ десе болғандай. Әр саланың мамандары Руанданың ұлттық университетінің
медицина факультетінде дәріс беріп, кадрлар дайындап жатты. Еріктілер қатарында
22 адам бар едік. Соның ішінде Қазақстаннан жалғыз мен болсам, Ресейден келген
жігіт компьютер техникасы бойынша жұмыс істеді. Қалғандары Заир, Бурунди
профессорлары болды. Алғаш оқытушылық жұмысқа келгенімде медицина факультетін
бітіргендер төртеу ғана екен. Ал 2002-2004 жылдары 78 дәрігер-маман даярлап
шығардық.
Руандадағы жоба аяқталғасын 2003 жылы Конгоға
жіберді. Бұл жердегі міндетім – жергілікті халыққа қызмет көрсету, БҰҰ саласында
жұмыс істейтін адамдарға жәрдемдесу керек болатын. Мені Киссангани
провинциясына жіберді. Осы жерде аурухана ашылып, бір жылдай халықты емдеумен
айналыстым. Бірақ мамандығым хирург болғандықтан сол салада жұмыс істеу керек
болды. Руандадағы университет ректорына бір ауыз электронды хат жаздым. "Сізді
әр қашанда күтеміз” деген хабар келді де қайтадан 2002 жылдың аяғында Руандаға
қайтып келдім. Медицина бойынша екі жыл дәріс беріп, БҰҰ саласындағы білікті
маман ретінде қызметімді Конгода аяқтадым.
Осы жұмыстардың нәтижесінде қазір
мен БҰҰ-ның байырғы маманы болып саналамын. 2004 жылы күзде айталмыш ұйымның
шақыруымен Австралия мен Индонезияның ортасында орналасқан Шығыс Теймур елінде
қызметімді жалғастырдым. Мұндағы мақсат – көпшілікпен жұмыс, яғни медициналық
көмек көрсету болды. Теймурдағы жоба мәресіне жеткесін 2005 жылы елге қайтып
келдім. Орталық клиникалық ауруханадағы қызметімді жалғастырдым. Бұрын
ортопедия бөлімінің меңгерушісі қызметінен ерікті ретінде шет елге кетсем, енді
сол қызметке қайта оралдым. Үстіміздегі жылы көктемде БҰҰ-дан тағы хабар
жетті. Бейбітшілік миссиясы бойынша Батыс Африканың Кот д’ивар (орыс тілінде
Піл сүйегі жағалауы елі деп айтады) мемлекетінде қызмет атқарудамын. Мұнда
БҰҰ саласында жұмыс істейін 8500 азамат бар. Соларға медициналық көмек
көрсетемін. Мойныма осы елдің хирургия ісін дамыту міндеті жүктелген.
Қарап отырсам, 11 жыл Африкада
еріктілер қатарында, соның 8 жылында БҰҰ келісім-шарты бойынша жұмыс істеген
екенмін. Отбасы жағдайы ауыр дүние. Кеңес Одағы кезінде, келісім-шарт негізінде
жұмыс істегенде зайыбыммен бірге барсам, БҰҰ бейбітшілік миссиясының шартында
отбасынсыз жұмыс жасаймын. Екі айда бір жеті демалыс береді. Әр уақыт қауіп пен
қатер астында жұмыс істеу – оңай дүние емес. Оған да мықты жүйке керек.
Өйткені, жоғарыдағы елдерде қақтығыс көп. Сондықтан отбасы мүшелерінің бас
амандығын сақтау үшін жеке өзіңе жұмыс істеуге тура келеді. Жарым осында ұлттық
медицина институтында дәріс береді. Балаларым бір-бір мамандық иесі, өмірден
өз орындарын тапқан.
Ал, Қазақстанда еріктілер қызметі
тәуелсіздік алғалы бері пайда болды десе болады. Әлі есімде, 1996 жылы 30
тамызда Конгоға ұшар алдында жүрек ауруымен кардиологиялық емханаға түстім.
Сол кезде Алматыда БҰҰ бюросы жұмыс істей бастаған екен. Шотландиядан елімізге
ерікті ретінде келген Уоткинс деген әйел ауруханаға келіп, көңілімді сұраған
болатын. Содан бері бізде еріктілер қатары көбейе бастады. 1996 жылдан бері
Қазақстанда ұлттық еріктілер пайда болды. Ұмытпасам, қазақтан шыққан алғашқы
ұлттық еріктілердің бірі Берік Баймырзаев деген жігіт.
Африка халқы өте қонақжай келеді
әрі көппен араласқанды жақсы көреді. Қарапайым жұрт ақ адам көрсе, солардан
бірдеңе дәметіп тұрады. Олар ақ адам берген нәрсені жақсыға балап, қатты қуанады.
Ал жалпы африкалық қоғамда білімді маманды қатты сыйлайды. Өз басым
білімімнің арқасында жаман болған жоқпын. Бурунди, Руанда халқы әлі күнге
дейін елдеріне шақырады. Оның үстіне қай жерде жүрсем де қазақтың салты мен
дәстүрін, рухани құндылықтарды насихаттаудан жалыққан емеспін.
Жалпы, ерікті болу үшін кемінде
екі шет тілін меңгеру қажет деп ойлаймын. Өмірде білімді орыс тілінде алғаныммен,
ана тілін ұмытпай, қадірлеп келдім. Негізгі шет тілі ретінде француз тілін
жетік меңгердім. Екінші тіл – ағылшын тілі. Көп жыл Бурундида жұмыс істегендіктен
қарым-қатынас үшін хирунди тілін үйрендім. Бұл сол елдің мемлекеттік тілі, ал
ресми тілі – француз. Руандада қызмет атқарған уақытта хини-руанда тілін
үйренуге тура келді. Бұл хирунди тіліне ұқсас, біздегі қазақ, қырғыз тілдері
сияқты. Ал Конгоға француз және ағылшын тілдері керек. Негізі бұл мемлекетті
франкофонды ел деп атайды. БҰҰ қызметіндегі ресми тіл – ағылшын және француз
тілдері.
Бүгінде жастарымыздың ерікті
болуы үшін мүмкіндіктер көп. Басты мәселе – тек тілде. Біздің қыз-жігіттердің
көбі ағылшын тілін жақсы меңгерген. Егер қандастарымыз ағылшын, француз және
испан тілдерін білсе онда дүние жүзін еркін аралауға, қалаған жерге баруға
болады деген сөз. БҰҰ-ның қызметінде ағылшын, француз, орыс, испан, қытай, араб
тілдері көп қолданылады. Осы алты тілдің үшеуін не төртеуін білген тіпті жақсы.
Демек, ондай маман қай мемлекетке жіберсе де қызметке жарайды. Екінші мәселе,
өз мамандығың бойынша 5 жылдық тәжірибең болуы керек. Алматыдағы халықаралық
еріктілер волентариатында қажетті құжат толтырғасын, олар оны алдымен
Кипрдегі өкілдікке, сосын Бонндағы штаб-пәтерге жібереді. Сараптаудан
кейін дүние жүзі бойынша қай елге маман керек сол мемлекетке үміткер
туралы мәлімет жібереді. Қабылдаушы ол үміткердің білімі, кәсіби біліктілігіне
байланысты таңдауын жасайды да қайтадан Кипр не Бонн қалаларына өтініштерін
жібереді. Негізінен БҰҰ мыңжылдықтар Даму декларациясы бойынша қай
мемлекеттің дамуы үшін қандай мамандар жетіспейді соған байланысты іріктеулер
жүргізіледі. Тек медицина саласының емес барлық саланың, соның ішінде журналистика,
білім, ауыл шаруашылығы, тағы басқа да саланың мамандары керек.
Жалпы шет елде тәжірибе алмасу,
басқа халықпен бірге жұмыс істеу қазақтың қандай ел екендігін танытса керек.
Бұрын одақ кезінде бұл мүмкін емес еді. Сол уақытта шет елге шыққандардың
төлқұжатында "кеңестік” деп жазылатын. Әлемнің көп елдері Қазақстанды енді
біліп, танып келе жатыр. Біразы бізді бұрынғы КСРО не Ресей елі деп санайды.
Жұмыста алғашында орыссыз ба, кәріссіз бе, қытайсыз ба деп сұрайтындар көп
болды. Қазір БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанды жақсы біледі. Жастарымыздың ұлттық
еріктілер қатарында жұмыс істеуі еліміздің дамуына қосқан азаматтық үлесі
болса, шетелде еріктілер қатарында жұмыс істейтін мамандардың қосқан үлесі
алдағы уақытта Қазақстанның жағымды имиджін әлем елдерінде танымал ету үшін де
өте маңызды болмақ.